«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Caspi Bitum» БК» ЖШС зауытына барды.
ҚМГ басшысы өндіріс нысандарын аралап, жиын өткізді. Жиында кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері және зауыттың толық қуатпен жұмыс жасауына кедергі келтіретін нарықтағы мәселелерді шешу жолдары қаралды.
Биыл сәуірде зауытта жаңғырту жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып, битум өндірісінің жылдық қуаты — 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін ұлғайды. Бұл ҚМГ зауыттарының, оның ішінде Павлодар мұнай-химия зауыты өнімділігінің жиынтық көрсеткішін жылына 1,2 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік берді және ішкі сұранысты толығымен жауып отыр.
Ақтау битум зауыты тәулігіне 2250 тонна өнім өндіруге қауқарлы болғанымен, бүгінде өндіріс көлемі 1700–1800 тонна деңгейінде қалып отыр. Ол жол-құрылыс компаниялары тарапынан өтінімдердің болмауымен байланысты.
Қаражанбасмұнай және Caspi Bitum компанияларына битумды өткізудің қосымша тетіктерін пысықтау тапсырылды.