Бірден екі бірінші орынды «CASPI BITUM» БК» ЖШС қызметкерлері Атырауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобының 100-ге жуық қызметкері арасында жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен «KMG Skills» кәсіби дағдылар чемпионатынан алып келді.
Өз номинацияларында 6-разрядты технологиялық қондырғылардың операторы Ғаббасов Мирлан және 4-разрядты химиялық талдау зертханашысы Иманбай Айсәуле Русланқызы жеңімпаз атанды.
Айта кету керек, олар кәсіпорынның намысын бірінші рет қорғап отырған жоқ: Мирлан 2023 жылы ҚМГ ЕТҰ қызметкерлері арасында «Үздік маман» байқауында 3-ші орынды, ал Айсәуле өткен жылы осы байқауда 1-ші орынды иеленді.
Атырауда өткен жарысқа слесарь-жөндеуші Бақытжан Түгелбаев, технологиялық сорғылардың машинисі Арман Жәнібеков, технологиялық сорғылардың тауар операторлары Көбейсин Келесбаев пен Нұрлан Өмірбаев қатысып, жүлделі болмаса да, 4-ші орынға ие болды.
Жарысқа келгеннен кейін бас директордың бірінші орынбасары Талғат Мұқанов қатысушылармен кездесті. Әңгіме өте қызықты болды; қызметкерлер байқау, кездескен қиындықтар туралы айтып, болашаққа деген тілектерін білдірді. Талғат Дүйсембиұлы барлығына қатысқандары үшін алғыс білдіріп, алға қойған кәсіби мақсаттарына қол жеткізіп, болашақта Ақтау битум зауытының өндірістік процестерін басқара алатын лайықты кадр резерві болуға тілек білдірді.